Oʻzbek
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Хиуада заманауи туризм кешені ашылды
23:06 / 2025-05-01

Хорезм облысының туризм әлеуетін ашуға бағытталған жұмыстар үлкен нәтиже беріп отыр. Мұны осында келетін шетелдік туристер саны 7–8 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 30 есеге артқанынан байқауға болады. Туризм саласындағы ілгерілеудің арқасында облыстың туризм қызметі экспорты 2017 жылы 7 миллион доллар болса, былтыр 380 миллион долларға жетті.

Бұрын Хорезм туризмі туралы сөз болғанда көпшіліктің ойына тек Ичан қалашығы түсетін. Ал бүгінде бұл көзқарас мүлдем өзгерген. Туристер үшін қырықтан астам бағыт әзірленіп, олардың жалпы саны жүзге жетті.

Қазір бұл жерде тағы бір ерекше кешен – «Арда Хива» бой көтерді. Оның ашылуы Президенттің Хорезмге жасаған сапарындағы маңызды оқиға болды.

Кешен көне қаланың ішінде тағы бір қайталанбас шаһарды еске салады. Бұл орын тарих пен заманауи сәулетті шебер үйлестірген ерекше жоба ретінде бағаланады.

«Арда Хива» 25 гектарлық төмен өнімді жерге салынған. Оның бір жағы 150 гектарлық «Ғовук» көлімен шектесіп жатыр. Қазіргі уақытта бұл аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұның өзі туристер үшін кешеннің тартымдылығын арттыра түседі.

Мемлекет басшысы кешенді аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты. Шеберлік өнері, қолданбалы және бейнелеу өнері көрмелері мен жәрмеңкелерін тамашалады.

Мұнда туристерге барлық жағдай жасалған. Әсіресе, ежелгі қала атмосферасын жеткізетін нысандар мен мың орындық 20 қонақүй салынған. Ашық және жабық аквапарк пен аттракциондар, үш мың орындық амфитеатр мен музыкалық субұрқақ бой көтерген.

Сондай-ақ тарихи үлгідегі 11 қолөнершілер үйі, шығыс базары, «Көне Үргеніш» музейі де туристер үшін қызық болады. Екі шақырымдық арнада қайықпен серуендеу мүмкіндігі де бар.

Кешенде бес кинотеатр мен концерт залы, көптеген мейрамханалар, зергерлік орталық, сауда дүкендері, су мото-туризмі аймағы және автотұрақ заманауи талаптарға сай салынған. Барлық ғимараттар бірыңғай салқындату және жылыту жүйесімен қамтылған. Электр қуаты үшін күн панельдері орнатылған.

Кешен жылына үш миллион қонақты қабылдай алады. Мұнда екі мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

Егер Ичан қаласы – Хорезмнің тарихи нышаны болса, «Арда Хива» – облыстың заманауи келбеті болады.

Мемлекет басшысы осы жерде Хорезм жастарыменa шынайы сұхбат құрды.

– Кез келген табиғи байлық, жер асты ресурстары бір күні таусылады. Бірақ бабаларымыз бізге ұлы рухани мұра – ғажайып ескерткіштер қалдырған. Олар ғасырлар бойы халыққа қызмет етіп келеді. Біз осы байлықты ел игілігі үшін пайдалануымыз керек. Біраз іс атқарылды, бірақ әлі де үлкен жоспарлар бар. Осы жолда мен сіздерге – жастарға сенемін. Егер биік мақсаттарға ұмтылып, сапалы білім алсаңыздар, заманауи кәсіптерді игерсеңіздер – армандарымызға сөзсіз жетеміз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Кездесу барысында жастардың білімдегі жетістіктері, армандары мен ұмтылыстары жөнінде пікір алмасылды.