Өзбекстан Халық демократиялық партиясынан Президенттікке кандидат Улугбек Иноятов Қарақалпақстандық сайлаушылармен кездесті.
Сайлау алды жиынға аудан, қала сайлаушылары, студенттер, жастар, қоғамдық ұйымдар, азаматтардың өзін-өзі басқару органдарының өкілдері, жергілікті кеңес депутаттары, партия белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуді Өзбекстан Халық демократиялық партиясы Қарақалпақстан Республикасы Кеңесінің төрағасы, кандидаттың сенімді өкілі Халилла Ешимбетов жүргізіп, сайлаушыларды кандидаттың өмірбаянымен таныстырды. Одан кейін кандидат сөз сөйлеп, сайлаушыларға сайлауалды бағдарламадағы негізгі бағыттарды, идеялар мен бастамаларды түсіндірді.
Атап айтқанда, кандидаттың сайлауалды бағдарламасында нарықтық экономиканың тиімді жұмыс істеуі үшін жеткілікті экономикалық-құқықтық жағдай жасау, бәсекелестікті қорғай отырып, инфляция мен жұмыссыздықты төмендету мемлекеттің маңызды міндеті болуы тиіс делінген. Бағдарламада экономикалық саясаттың әлеуметтік тиімділігін қамтамасыз ететін бірқатар ұсыныстар бар.
Кандидат мемлекеттің экономикадағы белсенді рөлі мен қатысуы сақталуы тиіс екеніне назар аударады. Өйткені қоғамдағы нарықтық қатынастарды реттеу, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету үдерісі мемлекеттің қатысуынсыз жүзеге аспайтыны анық. Сондай-ақ бағдарламадағы мемлекеттің негізгі реттеуші рөлін күшейту идеясы конституциялық ережелер негізінде әзірленгенін айтып өткен жөн.
[gallery-12582]
Нарықтық қатынастарға негізделген экономикадағы мемлекеттің негізгі реттеуші рөлі бүгінгі таңда маңызды. Бірақ еркін нарықтық қатынастарды жақтаушылар инвестициялық ортаны жақсартуға, экономикалық белсенділікке еркіндік беруге, валюталық-бағалық саясатты одан әрі ырықтандыруға, жекешелендіруге және мемлекеттің экономикадағы рөлін төмендетуге тырысады.
Шынайы өткен кездесуде сайлаушылар өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды. Сөз алған белсенділер сайлаушыларды Өзбекстан Республикасы Президенттігіне ХДП-дан үміткердің бағдарламасын қолдап, сайлауға белсенді қатысуға шақырды.
Д.АБИБУЛЛАЕВ, М.АБИБУЛЛАЕВ (сурет), ӨзА