Chinese
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Халықаралық сарапшылар Өзбекстандағы демократиялық реформаларды жоғары бағалады
21:19 / 2024-10-24

Сайлау – демократиялық қоғамның негізі саналып, кез келген мемлекеттің саяси-әлеуметтік өмірінде маңызды рөл атқарады.

2024 жыл 27 қазан күні Өзбекстанда Олий Мажлис Заң шығарушы палатасы және жергілікті Кеңестер депутаттарының сайлауы өтеді. Аталған сайлаулардың демократиялық, ашық, жариялылық, заң үстемдігі принциптері негізінде өтуі көп жағдайда елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани жағдаймен және сайлау құқықтарының жетілдірілуімен байланысты.

Өзбекстанда мемлекеттік билік органдары мен институттарын сайлау арқылы қалыптастыру бағытында халықаралық нормалар мен стандарттарға толық сәйкес келетін тәжірибе қалыптасқан. Осы орайда азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асырудың маңызды кепілі ретінде Өзбекстан Республикасының Конституциясын атап өтуге болады. Конституцияда белгіленген сайлауға қатысты конституциялық принциптер негізінде Сайлау кодексі қабылданған.

Реформалар мен халықаралық бастамаларға алға қарай қадам басып келе жатқан Өзбекстан «Әрбір сайлаушының дауысы мемлекеттің ертеңгі күні, келешек ұрпақтардың өмірі мен азаматтардың әлеуметтік-саяси құқықтарының жинағы» деген ұранды қатаң ұстануда.

Бұл Ташкентте өтіп жатқан халықаралық ынтымақтастық бастамалары апталығының «Сайлау демократиялық реформаларды тереңдетудің және жаңартылған конституцияны іс жүзінде жүзеге асырудың жаңа кезеңі ретінде» атты сессиясында тағы да атап өтілді.

Апталық биылғы жылдың 26 қазанына дейін жалғасады. Онда 350-ден астам шетелдік серіктестер, яғни халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, сондай-ақ ірі бизнес өкілдері мен сарапшылар қатысуда. Іс-шара аясында 50-ден астам конференция, дөңгелек үстелдер және практикалық кездесулер ұйымдастыру жоспарланған.

Іс-шараларда шетелдік және жергілікті сарапшылар, аналитиктер Жаңа Өзбекстандағы демократиялық реформалар, олардың мәні, жеткен жетістіктері, елде қалыптасып жатқан мүлдем жаңа әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық және рухани-танымдық орта, сыртқы және ішкі саясаттың негізгі міндеттері жөнінде пікір алмасады.

Шетелдік мамандар Өзбекстанда адам құқықтарын қамтамасыз ету бағытында жүзеге асып жатқан реформаларды жоғары бағалап, адам құқықтары бойынша халықаралық стандарттардың ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасына жүйелі әрі кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын атап өтуде.

Мысалы, Латвияның Туриба университетінің профессоры Раймундас Колесникас Өзбекстанда жүргізіліп жатқан демократиялық реформаларды, соның ішінде сайлаулар мен оған дайындық процесін жоғары бағалады.

– Өзбекстан бүгін қиындықтарды жеңіп келе жақтанын көріп отырмыз. Бұл реформалардың табысы тікелей саяси ерік-жігерге байланысты. Бақылаушы маман ретінде атап өтетінім, Президент Шавкат Мирзиёев реформалар жүргізуде өте үлкен саяси ерік танытуда. Елдегі болып жатқан өзгерістер мен жаңаруларды шетелдік мамандар, әлем қоғамдастығына жеткізу өте маңызды. Осы бағытта осындай апталық секілді халықаралық іс-шараларды көбірек өткізу қажет, – деді Раймундас Колесникас.

Халықаралық ынтымақтастық бастамалары апталығы барысында «Салауатты және бақытты ұрпақ – Жаңа Өзбекстанның болашағының негізі», «Өзбекстандағы сөз бостандығы мен БАҚ, әлеуметтік желілердің кең дамуы – демократиялық құндылықтарды кеңейту жолында», «Әлеуметтік қызметтерді көрсету және кедейлікті қысқарту, халықтың денсаулығын қамтамасыз ету, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету», «Еркін азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдарды дамыту» сияқты бірқатар тақырыптарда панельдік пікірталастар өтуде.

Дүниежүзілік банктың бас экономисі Пинар Яшар азаматтарды лайықты жұмыс орнымен қамтамасыз ету және олардың өмір сүру жағдайларын жақсарту Өзбекстандағы реформалардың негізгі мақсаттарының бірі екенін атап өтті. Ол нақты нәтижелердің бірі ретінде жұмыссыздық деңгейінің жыл сайын төмендегеніне назар аударды.

«Глобалды ынтымақтастық арқылы тұрақты экономикалық өсуді ынталандыру: адам капиталы мен кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейтуде инновацияның рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы адам капиталын дамыту мәселелері бойынша жаһандық практика жетекшісі Тазин Фосих Өзбекстанның Еуропа және Орталық Азия елдері арасында кедейлікті азайтуда ең жақсы нәтижеге қол жеткізгенін жариялады.

– Айтпақшы, елдегі білім реформалары қарқынды жүріп жатыр, – деді Тазин Фосих. – Экономиканы цифрландыру және ақпарат-коммуникация технологиялары дағдыларына ерекше назар аударылуда. Сессияда әріптестерім макроэкономикалық мәселелерге де маңызды көңіл бөліп, экономиканы өзгерту және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу процесі туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Бұл процесс ел экономикасының барған сайын әлемге ашылып келе жатқанынан хабар беретін үлкен қадамдардың бірі.

«Жаңа Өзбекстанда жастар саясаты мен спорт саласындағы жетістіктер мен алдағы міндеттер» атты сессияда республикада жүзеге асырылып жатқан жастар саясатының нәтижелері, спорт саласындағы жетістіктер туралы сөз болды. Онда 2025 жылы Ташкент қаласында жастар арасында III Азия және V Пара Азия ойындары өтетіні айтылды. Осы мақсатта шамамен 100 гектар аумақта Олимпиадалық ауылдың құрылып жатқаны сөз болды.

Айта кету керек, апталық аясында тек Өзбекстан үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін маңызды және ғаламдық тақырыптар – жасыл даму, қауіпсіз туризм, азық-түлік қауіпсіздігі, заманауи агрономиялық технологиялар мен шағын бизнес салаларын дамыту, сыртқы саясат: бейбітшілік, ашықтық және даму жолындағы келісімдер бойынша сарапшылардың талдаулары мен ұсыныстары талқылануда.

Апталық барысында шетелдік әріптестермен өзара тиімді байланыстарды нығайтуға бағытталған келісімдерге қол қою, бірлескен жобаларды тиімді жүзеге асыру жөнінде келісімдерге қол жеткізу күтілуде.

Беҳруз Худойбердиев, ЎзА