Өзбекстанда өтетін Олий Мажлис Заң шығарушы палатасы мен жергілікті Кеңестер депутаттарының сайлауына байланысты шетелдік бақылаушылар мен халықаралық ұйымдар өкілдері елімізге келіп, сайлауға дайындық барысын қадағалауда.
Бүгін, 25 қазан күні Орталық сайлау комиссиясында бірқатар бақылаушы миссиялары мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кездесулер өтті.
Атап айтқанда, күннің бірінші жартысында ОСК төрағасы Зайниддин Низомходжаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясының (ПА) үйлестірушісі, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің комитет төрағасының орынбасары Т. Масабиров, Ресей Федерациясы Федералды Кеңесінің ғылым, білім және мәдениет мәселелері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары И. Умаханов, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев бастаған бақылаушылар делегациясының өкілдерімен кездесті.
[gallery-19992]
Кездесулер барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы З. Низомходжаев Сайлау кодексіне енгізілген жаңа нормаларға сәйкес, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлис Заң шығарушы палатасы депутаттарының сайлауы аралас сайлау жүйесі – мажоритарлық және пропорционалдық сайлау жүйесі негізінде өтетінін атап өтті. Депутаттардың 75-і мажоритарлық жүйе, қалған 75-і пропорционалдық сайлау жүйесі негізінде сайланатын болады.
Сондай-ақ, делегация өкілдеріне ұлттық сайлау тәжірибесіне енгізілген «E-Saylov» ақпараттық жүйесі, оның артықшылықтары мен мүмкіндіктері, сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктілігін арттыру Концепциясы негізінде барлық деңгейдегі сайлау қатысушыларының білімдері мен дағдыларының жетілдірілгені туралы ақпарат берілді. Сайлауалды үгіт-насихат барысында саяси партиялар мен үміткерлерге тең жағдай жасалғаны және үгіт-насихат жұмыстарында жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануға болатыны айтылды.
[gallery-19994]
Сұхбат барысында бақылаушы миссиялар мен халықаралық ұйым өкілдері сайлауға демократиялық қағидаларға сай дайындық жасалғанын, халықаралық нормалар мен стандарттарға толық сәйкес келетінін, азаматтардың еркін дауыс беруіне қажетті барлық шаралар қабылданғанын атап өтті. ТМД Бас хатшысы С. Лебедев Орталық сайлау комиссиясының сайлауға дайындық және оны өткізу бойынша ұйымдастырушылық және құқықтық жұмыстарды жоғары деңгейде жолға қойғанын, үміткерлердің арасында әйелдердің 40 пайыздан астамын құрауы гендерлік теңдік саясатына сай екенін және мүмкіндігі шектеулі адамдарға жасалып жатқан жағдайларды атап өтті.
Айта кету керек, бақылаушы миссиялар мен халықаралық ұйымдар делегациясының өкілдері еліміздің әр аймағында сайлауға дайындық және оны өткізу барысын бақылайды. Миссиялар бірнеше сайлау учаскелерінде болып, бақылаулары бойынша қорытынды мен ұсыныстарын беруді жоспарлап отыр.
[gallery-19995]
М.Комилова, А.Алижонов (сурет), ӨзА