Бұл қылмыстық шабуылда басты рөлді банк қызметкері атқарған. Ол хакерлерге 2770 доллар үшін өз аккаунтының мәліметтерін берген.
2025 жылдың 30 маусымында хакерлер C&M IT компаниясының ішкі жүйелеріне кіріп, Бразилиядағы алты банктен шамамен 140 миллион доллар жымқырған.
Аталған компания ел банктерін Орталық банкпен байланыстыратын шешімдермен айналысады. Шабуылда басты рөл атқарған C&M компаниясының қызметкері Жоао Назарено Роке хакерлерге 2770 доллар үшін өзінің есептік жазба деректерін берген. Сонымен қатар, Notion платформасы арқылы берілген нұсқауларды орындап, қосымша 1850 доллар тапқан.
Инсайдер өз әрекетін жасыру үшін телефонын жиі ауыстырып отырған. Алайда, 3 шілде күні Сан-Паулу қаласында ұсталды. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, оны хакерлік топ өз қатарына тартқан.
Бұл кибершабуыл ел халқының 76 пайыздан астамы пайдаланатын PIX лездік төлем жүйесіне кері әсерін тигізді. Банктердің бірінен шамамен 100 миллион доллар ұрланғаны айтылып отыр.
ZachXBT есімді сарапшының мәліметінше, ұрланған қаржының 30–40 миллион доллары қазірдің өзінде криптовалютаға айналдырылып, биржалар мен аноним платформалар арқылы таратылып кеткен.
C&M компаниясы болса, олардың жүйесі бұзылмағанын, оқиға әлеуметтік инженерия нәтижесінде орын алғанын мәлімдеген.