Chinese
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
ГУЛИ
16:59 / 2021-04-24

Өзбек халық ертегілерінен

Ертеректе Герат пен Самарқандты Хұсейін Байқара сұлтан басқарып, ал оның бас уәзірі ұлы шайыр Әлішер Науаи болған екен деп айтылады. 

Сұлтан мен уәзір бала кездерінен дос болыпты, Хұсейін Әлішерді көрмей, онымен сөйлеспей бір күнде өмір сүре алмайды екен дейді. Әлішердің ақылды кеңесінсіз патша тағының жанында бірде-бір мемлекеттік іс шешілмеген екен.

Бірде, сұлтан аңға шыққанда, Әлішер оларға қосылмай, атына отырып, қаланың алыс аудандарының біріне қарай аттаныпты. Атақты уәзірдің бұлай істеуіне екі себеп бар еді: біріншіден, ол қатыгез әрі қанды ермек болып табылатын аң аулауды мүлдем ұнатпайтын, екіншіден, оны белгісіз сұлудың отты көздері баурап алғантын. Махаббат найзасының уәзірдің жүрегіне қадалғанына міне қырық күн болды.

Көктемнің шуақ шашқан күндерінің бірінде шаһардың тыныш көшесімен келе жатып, Әлішер Науаи сыбдырға елеңдеп, еріксіз жоғарыға қарайды. Жарқыраған Ай сәулесінің сұлулығының өзі, мұнымен салыстырғанда жаман бақырдың жылтырағанындай ғана болып көрінетін керемет сұлу қыздың жанарымен кездесіп қалады. 

Таңғажайып сұлулықпен Әлішер ұзақ рахаттана алмайды. Бір сәт қана көрінген сұлу көздер, су бетінен жел айдап әкеткен бейнедей, тез әрі ізсіз жоғалады. Жүрегі дүрсілдеп соққан Әлішер, ол жерден әрең кетсе де, күнде айналып соғатынды шығарды. 

Содан бері Әлішер ұйқы мен тыныштығынан айырылады. Күн сайын қаланың сол ауданына барғанымен, ғашық болған көздерді кездестіре алмайды. Болмаған соң, өзінің сенімді адамдары арқылы ғашығының қарапайым қол өнер шебері, тігінші Әбу Салихтың қызы, аты - раушан гүліндей құлпырған, хош исті Гули екенін біліп алады.

Ары ойлап, бері ойлап, ғашықтық дерті мазалап қоймаған соң, Әлішер қыз әкесімен сөйлесуге шешім қабылдайды.

Әбу Салихтың үйіне келіп, қақпа есігін қағады. "Бұл кім?" деген сұраққа "Жолаушымын" деп жауап береді.

- Саған не керек, жолаушы? - деп қайта сұрайды.

- Құрметті Әбу Салих үйде ме екен?

Қақпа ашылып, Әбу Салихтың өзі шығады. Атақты уәзірді көргенде байғұс тігінші сасып қалады, әрі қорқып кетеді. Өйткені, ол кез, билеушілердің келуінен ешқандай жақсылық күтуге болмайтын заман еді. 

Бірақ Әлішер өте биязы амандасып, кіруге рұқсат сұрайды. Таң қалған, әрі әлі де болса қорқуы басылмаған Әбу Салих уәзірді үйіне кіргізіп, төрге шығарады.

Әлішер - ыңғайсыз сезімде, ал Әбу Салих - қорқыныш пен абыржуда болып, амандасып қана қойып, екеуі де біразға дейін сөзді неден бастарын білмеді.

Бұл үнсіздікпен іс бітпесін түсінген Әлішер орнынан тұрып, құрметпен иіліп, сөз бастайды:

- О, тігіншілердің шебері, құрметті Әбу Салих, сіздің күйеу балаңыз болуға рұқсатыңызды берсеңіз.

Әбу Салих есінен тана жаздайды. Қанша сұлу болса да, қарапайым тігіншінің қызына, патша тағының тіреуі мен қалқаны, Әлішер Науаидің өзі құда түседі дегенді ойлап па еді?!

Қуаныштан жүрегі жарыла жаздаған Әбу Салих Әлішердің алдында иіліп, былай дейді:

- Біздің отбасы мүшелеріміздің өмірі өзіңіздің қолыңызда, мырзам. Тігіншінің қарапайым қызына назарыңыздың түскені мен үшін зор құрмет.

- Қызыңыз не айтады екен?

- Әкесінің айтқанынан шығып қайда барады! 

- Ескі салт-дәстүріміз бен шариғат заңдарын мен де білемін, бірақ жүрек заңы бар емес пе? Махаббатқа зорлық жүрмейді. Егер қызыңыз "жоқ" десе, мен басымды иіп, шығып кетемін.

Әбу Салих үйдің әйелдер жағына жүгіріп, қызын шақыртып алады:

- Қызым, басыңа бақыт құсы қонды. Сарайда тұратын боласың. Саған бас уәзір Әлішердің өзі құда түсіп кеп отыр. Мен келісімімді беріп қойдым, бірақ ол өзі бір қызық кісі екен, сенің келісімің керек дейді. Жылдам келіс. Ренжіп қалып, қабағын бір түйсе біздің үйден, бүткіл үрім-бұтағымыздан бір уыс күл де қалмас.

Гули күлімдеп, әкесіне жауап береді:

- Мен ата-анамның айтқанына қалай қарсы шығамын. Ал уәзірге сіз былай деңіз: "Қызым сенің күңің!"

Қыз әкесі Әлішерге қайтып келіп, қуанышын жасыра алмай, былай дейді:

- Мен қызымның ақылды екенін әрдайым айтатынмын. Гули келісті!

Сол күні Әлішер Науаи Әбу Салихтың үйіне құдаларды жолдайды.

Әлішер Науаи ерекше жаратылған адам ғой. Қыздың өзіне деген сүйіспеншілік сезіміне сенімді болу үшін, болашақ қайнатасының үйіне әр кеште келетін болды. Әлішер мен Гули гүлзарда қыдырып жүріп, нәзік махаббаттары туралы еш кедергісіз әңгімелесетін еді. Әлішер Гулиге арналған өзінің жаңа, асқақ құмарлық пен сезімдерге толы ғазалдарын оқыса, Гули домбыраның сүйемелдеуімен, бұлбұлдай сайраған дауста ән шырқайды. Қос ғашықтың бақытына ештеңе де кедергі бола алмастай көрінді.

Той күні жақындайды. Әлішер қалыңдығының әкесіне он мың алтын қалың малын береді. Неке қию салты да өтеді. 

Бір күні, Әлішер өз ғашығының үйінде болғанда, Хұсейін сұлтан айналасындағылардан сұрайды:

- Досым, Әлішер уәзірді көрмей тұрмын.

Екінші уәзір Маджеддин патша тағына жақындайды.

- Айтуға рұқсат етіңіз, билеушім, - дейді Хұсейін сұлтанға, - сіздің тапсырмаңыз бойынша тыңшылар Әлішер уәзірдің, оның қайда жүргенін, ойында не бар екенін сіз біліп отыру үшін, міне қырық күн бойы оның  ізін аңдуда.

- Біздің тыңшылар не білді?

- Сұлтаным, әміршім, сіздің боданыңыздағы әрбір адамның ойлары шыныдай мөлдір әрі таза болуы тиіс. Әлішердің жасырғаны бар, ол сізді алдап жүр.

- Не?! Оның қалай дәті барады!

- Иә! Әлішер сізге әр кеште өзінің жаңа өлеңдерін жазамын деп өтірік айтады. Шындығында, ол бар уақытын сұлу қызбен өткізеді. Ұлы падишахқа ғана лайықты таза гауһарды ол сізден жасырып қалды. Сұлудың аты Гули. Тігінші Әбу Салихтың қызы.

Әлішер сарайға келген сәтте, Хұсейін сұлтан оған былай дейді:

- Біз үйленетін болдық!

Әлішер одан сұрайды:

- Қалыңдық сұлу ма? Жақсы отбасынан ба екен?

- Сұлу және әкесі де сыйлы кісі.

- Құттықтауымды қабыл алыңыз.

Жымысқы күлген Хұсейін өз тағының айналасында тұрғандарға қарап айтады:

- Естідіңіздер ме, менің бірінші уәзірім біздің үйлену туралы шешімімізді мақұлдады. Досым әрі бас уәзір Әлішерді мен бас құда етіп тағайындаймын. Жылдам сый-сыяпаттарды дайындап, менің қалыңдығыма барыңыз, достым.

Ештеңеден күмәнданбаған Әлішер иіліп тағзым етті.

- Падишаһтың атынан бас құда болу мен үшін үлкен құрмет, билеушім. Қайда баруымыз керек?

- Тігінші Әбу Салихтың үйіне.

Әлішердің түрі бірден өзгеріп салады. Сонда да, өз-өзін ұстап, иіліп жауап қатады:

- Билеушінің бұл тапсырмасын орындауға менің  мүмкіншілігім жоқ.

Сұлтан Хұсейін ашуға басады.

- Яғни, өзіңнің істеріңді менен жасырғаның рас болды ғой. Кәріме ұшырағың келмесе жылдам бар да, қызды маған айттырып кел.

Бірақ, Әлішер өз махаббатына берік еді. Сондықтан сұлтан алдында қаймықпай жауап қатады:

- Күйеу жігіттің өз қалындығын басқа біреуге, ол біреу тіпті падишаһ болса да, айттырып, құда түсу ол табиғатқа жат дүние болар еді.

Соны айтады да, сарайдан шығып кетеді.

Хұсейін сұлтан сол сәтте Әлішерді Самарқандтан жер аудару туралы пәрменге қол қойып, өзінің құдалығын басқаруды Маджеддинге тапсырады.

Бақытсыздықтың жаршысы болып Әлішер тігінші Әбу Салихтың үйіне жетеді.

Раушан гүлдернің иісі бұрқыраған гүлзарда, Әлішер өзінің сүйіктісі Гулиге махаббаттарының күлталқан болғаны туралы айтады.

- Озбырлық пен езгілік орнаған бұл әлемде адам бақыты үшін орын жоқ, - деп Әлішер, бас уәзір болса да, қолынан ештеңе келмейтінін мойындайды.

- Өлсем де Хұсейіннің әйелі болмаймын, - дейді Гули.

Екі ғашық сырласып отырғанда, Салихтың үйіне падишаһтың сыйлықтарын алып, Маджеддин уәзір де жеткен еді. 

Құрметті қонағын ең сыйлы орынға отырғызып, Әбу Салих гүлзарға кіріп, Әлішер жаққа қарамай, қызына айтады:

- Бас уәзір менің күйеу балам болуы мүмкін еді, бірақ, тағдыр падишаһтың қайынатасы болуымды қалаған сыңайлы. 

Сонда Гули жаңа ғана өзінің сүйіктісі Әлішерге айтқан сөзін қайталайды:

- Мені өлтірсе өлтіре берсін, бірақ Хұсейіннің әйелі болмаймын. 

- Мен не істей аламын, қызым, - деп Әбу Салих айғайлап жібереді, - Сұлтан сенің қарсылығыңа қарамайды.

Әкесі қызына қанша жалбарынса да, туған-туыстарын аяуын өтінсе де, Гули айтқанынан қайтпады.

Маджеддин уәзірдің алдына келіп жығылады:

- Ол ақылынан адасып тұр. "Жоқ" деді, бірақ оны әміршімізге айтпай тұрсаңыз. Уәзірдің әйелі болғанша, падишаһтың күңі болған жақсы екенін әлі түсінеді.

Маджеддин кешкі намаздан кейін келетінін айтты. Кетіп бара жатып, бәріне естілетіндей жар салды:

- Егер мына қыз өз еркімен көнбейтін болса, сұлтан сарайына мойнына қыл арқан салып сүйреп апаруға серт беремін.

Қыз өз бөлмесіне кіріп кетіп, біраздан соң екі кесеге құйылған мусаласса шарабын алып шығады. Біреуін ғашығына ұсынады.

- Айырылысу ажалдан да қиын. Мына шарап арқылы мен падишаһтың қолында ойыншық болу мазағынан құтыламын.

Шарапты түбіне дейін ішіп қойған Гулиді Әлішер тоқтатып үлгірмеді.

- Шарапта у бар ма еді?

Қыз үнсіз басын изеді. Бір сөз айтпаған Әлішер де шарапты ішіп қояды.

- Сенсіз, сенің махаббатыңсыз маған өмір керек емес, - дегенде, екі ғашықтың құшақтары айқасады.

Кешкі намаздан кейін Әбу Салихтың үйіне Маджеддин уәзір келеді. Қанішер патшаның қаһары ата-анасы мен туыстарына түспесін деп, әкесіне келіскенін айтады:

- Тек бір ғана шартым бар - той қырық күннен кейін ғана болады.

Хұсейін сұлтан той қамына кірісуге тапсырма беріп, Әбу Салихты алтынның астында қалдырады. Әлішерді жер аудару туралы патша жарлығы өзгертіледі.

Той басталған күні Әлішер Науаи кезбе дәуріштің киімінде, өзінің ғашығымен қоштасу үшін, патша сарайына жасырын кіреді. Оны аурудан әбден әлсіреген Гули қарсы алады. Бірақ, аурудан қанша қиналса да, әдемі көздері сол қалпында жарқырап тұрды.

- Мен падишаһтың әйелі болмаймын, - дейді Гули, - у бойыма тарап кетті, мен өліп барамын.

- Сүйіктім, - Әлішердің көзіне жас толады, - мен де сенің қолыңнан у ішіп едім ғой, бірақ уланудың белгілерін сезбеймін.

Сонда Гули шынын айтады:

- Сүйгеніңді өз қолыңмен өлтірсең мына әлем төңкеріліп кетпейді ме, мырзам?! Сіздің ыдысыңызда таза шарап болды.

- Шерменде болдым ғой, - деп Әлішердің дауысы қатты шығып кетеді, - неге ондай қатігездік жасадың.

- Сен мені, сүйіктім, ұмытпасын деп солай істедім.

Осы сәтте Гулидің бөлмесіне ашулы Хұсейін сұлтан кіріп келеді. Сарай қызметкерлерінің бірі Әлішердің келгені туралы хабарды жеткізген екен. Қолында жалаңдаған қылышы. 

- Менің әйелдерімнің бөлмесіне рұқсатсыз кім кірсе де, оны өлім күтіп тұр, - деп айқай салады.

- Тыныш, мазасын алмаңыз, - деп Әлішер Гулиді көрсетеді, - о, падишаһ, жүріңіз бұл жерден шығайық. Оның тыныштығына кедергі жасамайық.

Сонда ғана сұлтан Гулидің өліп қалғанын көреді. Қылышын жерге түсіріп алған патша, сыртқа шығады. 

Қылышты жерден көтеріп Әлішер сұлтан Хұсейіннің артынан барады. 

- Өмір отымның тұңғиыққа батып өшкенінен басқаны қаламаймын. Міне қылыш, кес басымды!

Қылышты Хұсейінге ұсынады.

Хұсейін райынан қайтып, өзінің істегеніне өкініп, Әлішердің басын кеспепті деп айтады. Тіпті оны құшағына алып, мәңгі дос болуға серттесіпті.

Ақылды Әлішер мемлекеттің бас уәзірі болып қала беріпті. Бір де бір мемлекеттік іс Әлішердің кеңесінсіз шешілмеген дейді.

Хұсейін сұлтан өмірінің соңына дейін Әлішерге деген ренішін жүрегінде сақтап қалған деген әңгіме де бар. Өйткені кім де кім біреуге жамандық ойласа, соны өзінің жауы ретінде есептейтін көрінеді. Сонымен қатар, Хұсейін Әлішер жақтан өш алу бола ма деп те қорыққан.

Сұлтан мен уәзір арасындағы достыққа сызат түсіп, соның нәтижесінде Әлішер көптеген қиындықтарды басынан кешіреді.

Ұлы шайыр Әлішер Науаидің Гулиге деген махаббатына беріктігі сонша, өмірінің соңына дейін басқа қызға көз салмапты.

Өзбек тілінен аударған Рашид БЕЙБІТҰЛЫ