Грузиялық дзюдошы Олимпиадада өрескел әрекеті үшін 6 айға спорттан шеттетілді
Грузиндік дзюдошы Гурам Тушишвили Париж Олимпиадасындағы жекпе-жектен кейін спорт мәдениетіне жат әрекеттері үшін алты айға дисквалификацияланды.
Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) сайтындағы хабарламаға сәйкес, оқиға 2 тамызда болған.
100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Тушишвили үш рет Олимпиада чемпионы француз Тедди Ринерден иппонмен жеңілді. Осы жағдайдан кейін Тушишвили ұстамдылық танытпай Ринерді тепкілеп, бетіне қол жүгірткен.
IJF бұл эпизодты қарап, Тушишвилиді уақытша жарыстан шеттетуді шешті, осылайша ол қола үшін қайта өтетін турнирге қатыспады.
Дисквалификация мерзімі 2024 жылдың 30 тамызынан басталып, 2025 жылдың 25 ақпанында аяқталады.
Айта кетейік, Тушишвили 29 жаста. Ол Токио Олимпиадасының күміс медаль иегері, сонымен қатар 2018 жылғы әлем чемпионы.