Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе президент Саломе Зурабишвилидің өкілеттігі аяқталғаннан кейін өз лауазымын босатуға мәжбүр болатынын мәлімдеді.
Deutsche Welle порталының хабарлауынша, президент Зурабишвили «заңды сайланған парламент» қалыптасқанға дейін қызметінде қалу ниетін білдірген.
«Заңды парламент жоқ, заңсыз парламент жаңа президентті сайлау құқығына ие емес. Сол себепті инаугурацияны өткізу мүмкін емес», – деген Грузия президенті. Саясаткер өзінің мандаты тек «заңды парламент жаңа президентті бекіткенге дейін» жарамды екенін айтқан.
«Оның эмоциялық жағдайын түсінемін. Бірақ инаугурация күні, 29 желтоқсанда, ол өз резиденциясынан шығып, ғимаратты заңды сайланған президентке тапсыруы керек», – деді премьер-министр Ираклий Кобахидзе.
Зурабишвилидің президенттік өкілеттігі ресми түрде желтоқсан айында аяқталады. Биліктегі «Грузин арманы» партиясы президенттік сайлауды 14 желтоқсанда, ал инаугурацияны 29 желтоқсанда өткізуді жоспарлаған. Партия бұл қызметке бұрынғы футболшы Михаил Кавелашвилиді кандидат ретінде ұсынды.