Гренландияда жаңа премьер-министр тағайындалды
7 сәуір күні өткен айдағы парламент сайлауынан кейін Гренландия Парламенті алғаш рет жаңа құрамда жиналып, ең ірі саяси күш – «Демократит» партиясының көшбасшысы Йенс-Фредерик Нильсенді елдің Премьер-министрі лауазымына бекітті.
DR басылымының хабарлауынша, премьер-министр болып бекітілгеннен кейін Йенс-Фредерик Нильсен өзінің жаңа үкімет құрамын жариялады. Кабинетке Парламенттегі бес партияның төртеуінің өкілдері енді.
Алдыңғы премьер-министр Муте Эгеде жаңа үкіметте Қаржы және салық министрі қызметін атқаратын болды. Сыртқы істер мәселелері бұрынғыдай Вивиан Мотцфелдтің құзырында қалды.
Гренландияның жаңа үкіметі автономияны кеңейту және болашақта Даниядан тәуелсіздікке қол жеткізу жолында жұмыс істеуге ниетті. Дегенмен, олар АҚШ құрамына кіру ниеті жоқ екенін ашық мәлімдеді.