Грекия, Испания және Португалия от құшағында қалды
Грекия, Испания және Португалияда орман өрттері қалаларға таяп қалғандықтан жаппай эвакуация жарияланды.
Грекия өрт сөндіру қызметінің өкілі Василис Ватракоянистың айтуынша, өртпен күресу барысында кемінде 15 өрт сөндірушіге медициналық көмек көрсетуге тура келген. Афина көрші Албанияға да орман өрттерін сөндіруге жәрдемдесу үшін өз күштерін жіберді.
Испания премьер-министрі Педро Санчес Кастилия мен Леон өңірінде өрт сөндірушінің қаза болуына байланысты көңіл айтты. Елде 8000 адам эвакуацияланды. Хабарға сәйкес, Леондағы өрт 38 мың гектар аумақты қамтыған.
Португалияда бірнеше аптадан бері жалғасып жатқан өртті сөндіруге мыңдаған өрт сөндіру бригадалары жұмылдырылған. Арганил қаласындағы өртке 900-ден астам өрт сөндіруші қатысуда.