Германияның батысындағы Гельзенкирхен қаласында Sparkasse банкінің филиалы тоналды.
Жергілікті полицияның хабарлауынша, қылмыскерлер банк сейфтері орналасқан бөлме мен оған жапсарлас көпқабатты автотұрақтың арасындағы бетон қабырғаны бұзып кірген.
Полиция деректеріне сәйкес, бірнеше мың сейф бұзылып ашылған, келтген шығын ондаған миллион еуромен бағаланады. Куәгерлердің айтуынша, 28 желтоқсан күні кешке көпқабатты автотұрақтың баспалдақ алаңында үлкен сөмкелер көтерген ер адамдарды көрген.
Бейнебақылау камераларының жазбалары 29 желтоқсан таңында автотұрақтан қара түсті Audi RS 6 көлігінің шығып кеткенін көрсеткен, көліктегілер бетперде киген болған. Автомобильдің мемлекеттік нөмірі бұған дейін Ганновер қаласында ұрланғаны анықталды. Полиция бұл адамдардың әрекетін «өте кәсіби» деп бағалады.
Dpa агенттігінің жазуынша, шамамен 3200 сейф бұзылып, жалпы құны 30 миллион еуроға жуық ақша, алтын және қымбат әшекейлер ұрланған. Шығынның нақты көлемін анықтау қиын, өйткені сейфтерде сақталған заттар көбіне құпия болып келеді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл оқиға Германия тарихындағы ең ірі ұрлықтардың бірі ретінде аталып отыр.
Sparkasse банкінде әрбір сейф 10300 еуроға дейін сақтандырылғаны айтылған. Алайда 29 және 30 желтоқсан күндері банк ғимаратының алдына наразы клиенттер жиналған. Көпшілігі өз шығындарының сақтандыру сомасынан әлдеқайда жоғары екенін мәлімдеген. Жалпы алғанда, шамамен 2700 адам зардап шеккен.