Футболдан Әлем чемпионатында алғаш рет матчты әйел төреші басқарады
Футболдан ерлер арасындағы әлем чемпионатында алғаш рет матчты әйел төреші басқаратын болды.
Қатар жасыл алаңдарында өтіп жатқан әлем чемпионатының топтық кездесулерінің 3-тур аясында өтетін Германия мен Коста-Рика матчын франциялық Стефани Фраппар бастаған әйел төрешлер басқарады.
Стефаниге алаңда бразилиялық Неуза Бакк пен мексикалық Карен Диас Медина көмектеседі. Төртінші төреші қызметін гондурастық Саид Мартинес атқарамақ.
Бұған дейін Фраппар 1-турдағы Мексика - Польша (0:0) кездесуінде төртінші төреші қызметін атқарған болатын.
38 жасты Фраппар Лига 2 (2014), Лига 1 (2019), УЕФА Суперкубогы (2019, «Ливерпуль» - «Челси»), Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде (2019) жұмыс істеген алғашқы әйел төреші ретінде тарихқа енген.
Еске салар болсақ, Е тобындағы Германия мен Коста-Рика арасындағы кездесу 1 желтоқсан күні өтеді.