Футбол бойынша Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің шешуші кезеңіне өткен Азияның 18 ұлттық құрамасыбелгілі болды.
Кеше Азия құрлығында 2026 жылғы әлем чемпионатының 6-шы кезеңі мен 2027 жылғы Азия кубогының бірлескен іріктеу кезеңінің матчтары өтті.
Осы іріктеуде үздік нәтиже көрсеткен 18 команда: Өзбекстан, Австралия, БАӘ, Бахрейн, Жапония, Иран, Оңтүстік Корея, Қатар, Сауд Арабиясы, Ирак, Иордания, Оман, Қытай, Палестина, Қырғызстан, КХДР, Индонезия және Кувейт чемпионаттың үшінші кезеңіне өтті.
Енді бұл ұлттық құрамалар 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің 3-ші кезеңінде өзара күш сынасады. Дәлірек айтсақ, 27 маусым күні бұл кезеңге жеребе тартылып, командалар 3 топқа бөлінеді.
Ал жеребе алдындағы себеттер келесідей болды:
- 1-себет: Жапония, Иран, Оңтүстік Корея
- 2-себет: Австралия, Қатар, Ирак
- 3-себет: Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Иордания
- 4-себет: БАӘ, Оман, Бахрейн
- 5-себет: Қытай, Палестина, Қырғызстан
- 6-себет: КХДР, Индонезия, Кувейт
Әлем чемпионатының үшінші іріктеу кезеңі 5 қыркүйекте басталады деп күтілуде. Бұл кезеңде 18 команда әрқайсысы алты командадан тұратын үш топқа бөлінеді және олар айналым форматында (үй-қонақ) ойнайды. Әр топтың үздік екі командасы 2026 жылғы әлем чемпионатына тікелей жолдама алады.