«Фунг Вонг» тайфунының құрбандары 27 адамға жетті
Филиппинде болған «Фунг Вонг» тайфуны салдарынан орын алған тасқын мен көшкіндерден қаза тапқандар саны 27 адамға жетті.
Inquirer News басылымының хабарлауынша, 36 адам жарақат алған, ал 2 тұрғынның тағдыры әлі белгісіз.
Мәлім болғандай, бұл табиғи апат елдің 15 аймағында 2,4 миллионнан астам адамға зиянын тигізген. Бұған дейін «Калмаэги» тайфуны 232 адамның өмірін жалмаған болатын.
Филиппин президенті кіші Фердинанд Маркос 6 қараша күні төтенше жағдайларды тойтару агенттігінің өкілдерімен кездескен соң, жағдайды тұрақтандыру мақсатында «ұлттық апат жариялау» туралы шешім қабылдады.
Еске сала кетейік, 2013 жылдың қараша айында Оңтүстік-Шығыс Азиядағы осы мемлекетке соққан «Хайян» тайфуны 7300-ден астам адамның өмірін қиған еді.