Парижде AVICENNIA INTERNATIONAL PRIZE сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Марапатты Француз медицина академиясының президенті Тран Ба Хюи мырза табыс етті. Салтанатты шараға Өзбекстан Республикасының Франциядағы Елшісі Сардор Рустамбоев та қатысты.
Марапатталғандар қатарында Өзбекстанның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және танымал ету жөніндегі Дүниежүзілік қоғамының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, «Өзбекстанның мәдени мұрасы әлемдік жинақтарда» жобасын жүзеге асырып жатқан Бахтиер Фазилов та бар.
Өзбекстан Республикасының Франциядағы Елшілігінің қолдауымен осы шара аясында Француз медицина институтының Академия директорлар кеңесі залында Әбу Әли ибн Синаның қола бюстін орнатылды.
Бюст орнату – Ибн Синаның мұрасын өскелең ұрпаққа үйретуге қосылған лайықты үлес. Ибн-Сина мұрасы еуропалық және әлемдік мұраның маңызды бөлігі болып табылады. Осы арқылы Өзбекстан мен Франция арасында тағы бір мәдени көпір орнады.
– Дүниежүзілік қоғам бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыруда және ұлы Ибн Синаның шығармашылығын зерттеуге үлкен көңіл бөлуде. Осы сауапты да қажырлы істі атқарып жүрген азаматтарды марапаттауды жөн көрдік, – дейді «AVICENNE-France» компаниясының президенті, сыйлықтың атқарушы директоры Марк Боннель.
«AVICENNIA INTERNATIONAL PRIZE» сыйлығы 2015 жылы «Еуропалық Одақ, Жерорта теңізі және Орталық Азия елдері арасындағы философиялық және медициналық зерттеулер мен ынтымақтастықты ілгерілету» мақсатында құрылған. Ол өз зерттеулері мен жарық көрген кітаптары арқылы ұлы мұсылман ойшылы Ибн Синаның мұрасын зерттеуге үлес қосқан, бейбітшілік орнату мен мәдени ынтымақтастықты дамытуға қызмет еткен ғалымдарға беріледі.