Франция парламенті премьер-министр Франсуа Байруды отставкаға жіберді
Францияның Ұлттық ассамблеясы (парламенті) премьер-министр Франсуа Байру мен оның үкіметіне сенімсіздік вотумын жариялап, қызметінен босатты.
France 24 мәліметінше, 2025 жылдың 9 қыркүйегінде өткен дауыс беру нәтижесінде 364 депутат Байру үкіметіне қарсы дауыс берді. 194 депутат қолдап дауыс берді.
Байру 2024 жылдың 13 желтоқсанында премьер-министр болып тағайындалған еді. Оның үкіметі небәрі 9 айдай ғана жұмыс істеді.
Бір ай бұрын жасаған бейнеүндеуінде, Франсуа Байру Францияның экономикалық жағдайының күрт нашарлағанын айтып, мемлекеттік қарыздың әр секунд сайын 5 мың еуроға өсіп жатқанын мәлімдеген болатын. Ол бұл жағдайды Франция экономикасы үшін басты қауіп деп бағалап, жедел үнемдеу шараларын қолға алуға шақырған еді.