English
Chinese
Turkish
Tajik
Kyrgyz
Turkmen
Japanese
Arabic
English
French
Spanish
Русский
German
Ўзбек
Oʻzbek
Қазақ
Франция Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді
10:47 / 2025-07-25

Франция президенті Эммануэль Макрон 2025 жылғы қыркүйекте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында өзінің елінің Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын жариялады. Осылайша, Франция G7 елдері ішінде мұндай шешім қабылдаған алғашқы мемлекет атанды.

BBC таратқан мәліметке сәйкес, ресми мәлімдемеде Газа секторындағы соғысты тоқтату, бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету, кепілге алынғандарды босату, сондай-ақ Палестина мемлекетін қарусыздандыру арқылы аймақта тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілген. Сонымен бірге, Францияның Таяу Шығыста әділетті әрі ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату бастамаларын әрдайым қолдап келгені де еске салынған.

Палестина билігі бұл шешімді қолдап, оны халықаралық құқық нормалары мен халықтардың өзін-өзі анықтау құқығына құрметтің айғағы ретінде жоғары бағалады.

Ал Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Макронның бұл шешімін «лаңкестікке марапат» деп атап, сынға алды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл қадамды «жауапсыздық» деп бағалады.

Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін БҰҰ-ға мүше 140-тан астам ел Палестина мемлекетін мойындаған. Еуропа Одағы аясында Испания мен Ирландия секілді мемлекеттер бұған дейін осындай шешім қабылдаған болатын.

Сонымен қатар, БҰҰ мен бірқатар халықаралық үкіметтік емес ұйымдар Газа секторында балалар арасындағы азық-түлік тапшылығы мен ашаршылықтың аса қатты ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр.