Өзбекстан Президентінің Францияға мемлекеттік сапары аясында медицина саласында да өзара тиімді келісімдерге қол жеткізілді.
Атап айтқанда, сапар қарсаңында Париж қаласында өткен «Өзбекстан – Франция» бірінші медициналық форумы аясында Францияның денсаулық сақтау министрі Янник Нойдер Өзбекстан денсаулық сақтау министрі Асилбек Худояров бастаған делегацияны қабылдады.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Францияның денсаулық сақтау жүйесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингі бойынша халықтың денсаулық деңгейінің жоғарылығы, медициналық қызметтердің қолжетімділігі, емделу кезектерінің жоқтығы және бүкіл халықтың білікті медицинамен қамтылуы секілді көрсеткіштер бойынша жоғары орындарға ие. Осы тұрғыдан алғанда, бұл елмен денсаулық сақтау саласындағы әріптестікті нығайту өте пайдалы.

Кездесуде министрлер екіжақты ынтымақтастық декларациясына қол қойды.
Францияның денсаулық сақтау министрі Янник Нойдердің айтуынша, бұл декларация екі ел арасындағы серіктестіктің алғашқы институционалдық қадамы болып, ортақ мақсаттарды нақты іс-қимылдарға айналдыруға жол ашады.
Аталған құжатта медицина мамандары арасында тәжірибе алмасу, ауруларды ерте кезеңде анықтау және тиімді емдеуде жоғары технологиялық шешімдерді, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері қамтылған.

Сонымен қатар, сапар аясында Өзбекстан делегациясы Францияның жетекші медициналық мекемелерінің жұмысымен жақынан танысты. Атап айтқанда, олар Париж маңындағы Сюрен қалашығында орналасқан коммерциялық емес оқу ауруханасы – Фош госпиталінде болды.
Бұдан бөлек, делегация мүшелері онкологиялық ауруларды емдеуге маманданған, өз саласы бойынша Еуропада жетекші орын алатын әрі әлемдегі ең үздік медициналық мекемелердің ондығына кіретін Густав Русси институтының қызметімен де танысты.