Франция мен Испания ресейлік азаматтарға виза талаптарын қатаңдатты
Франция мен Испания билігі ресейлік азаматтарға арналған виза рәсімдеу талаптарын қатаңдатты. Енді ресейліктер Францияның шетелдік аумақтарына бару үшін арнайы DFA санатындағы визаны алуы тиіс. Бұған дейін мұндай бағыттарға көп мәртелі, алты айға жарамды С санатындағы шенген визасы жеткілікті болатын.
Бұл туралы 16 маусымда Ресей туроператорлар қауымдастығы ресми түрде хабарлады.
Жаңа талаптар Францияның келесі шетелдік аумақтарына қатысты: Француз Полинезиясы, Жаңа Каледония, Уоллис пен Футуна, Гваделупа, Мартиника, Сен-Мартен, Сен-Бартелеми, Реюньон, Майотта, Француз Гвианасы және Сен-Пьер мен Микелон.
Алайда бұл шектеулер Францияның ұзақ мерзімді (D санатындағы) визасына ие азаматтарға және Шенген аймағы мен Еуропалық экономикалық кеңістікте тұруға рұқсаты бар тұлғаларға қолданылмайды.
Сонымен қатар Испания да ресейлік азаматтарға қойылатын талаптарды қатайтып отыр. Енді испан әуежайлары арқылы транзитпен өтетін ресейліктерге қаржылық операциялар (мысалы, ақша аударымдары) үшін арнайы транзиттік виза талап етіледі.