Формула-1 бойынша Түркияда өткен Гран-приде «Мерседес» командасының британдық пилоты Льюис Хэмилтон 2020 жылғы маусымды мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтап, әйгілі Михаэль Шумахердің рекордын қайталады.
Ыстамбұлдағы жарысты 6-шы орыннан бастаған Хэмилтон мәре сызығынан бірінші болып өтті және Формула-1 автожарысының жеті дүркін чемпионы атанды. Осылайша ол мерзімінен бұрын чемпион болу үшін қажетті шартты орындай алды. Бұл чемпиондық британдық 35 жастағы спортшы үшін өзінің мансабындағы жетінші болды. Бұған дейін Хэмилтон 2008, 2014, 2015, 2017, 2018 және 2019 жылдары чемпион атанған болатын. Өз кезегінде Льюис Хэмилтон әйгілі неміс пилоты, әлемнің жеті дүркін чемпионы Михаэль Шумахердің рекордын қайталады. Дегенмен Гран-придегі жеңістер саны бойынша оның рекордынан озды.
«Мен бала кезімде Шумахердің жеңістерін көріп, бір, екі, тіпті үшінші жеңіске жету қиын екенін білетінмін. Бірақ жет рет чемпион болу - бұл керемет нәтиже және біз, менің командам мен бірге қол жеткізе алатын жетістіктердің шегі жоқ! » - деп айтқан Хэмилтон.