Формула-1: Хэмилтон үш дөңгелекте финишке бірінші келді
Формула-1 бойынша Британия Гран-присінде «Мерседес» командасының ағылшындық мүшесі Льюис Хэмилтон финиш сызығына үш дөңгелекте бірінші келіп жеңіске жетті
Формула-1 бойынша Британия Гран-присінде «Мерседес» командасының ағылшындық мүшесі Льюис Хэмилтон финиш сызығына үш дөңгелекте бірінші келіп жеңіске жетті.
Жарыстың аяқталуына 3 айналым қалғанда алғы шепте «Мерседес» командасының екі мүшесі Льюис Хэмилтон мен Валттери Боттас келе жатқан еді. Бірақ Валттери Боттас басқаруындағы көліктің дөңгелегі жарылып кетті де ол «пит-стопқа» кіруге мәжбүр болды. Ол қайта трассаға шыққанша екінші орыннан 11 орынға түсіп кетті.
Қызық тұсы соңғы айналым кезінде Хэмилтон басқаруындағы көліктің де дөңгелегі жарылды. Бірақ ол өзінен артта кележатқан «Ред Булл» мүшесі Макс Ферстаппеннен біраз алда болғандықтан үлкен тәуекелге бел буып финишке үш дөңгелекте жетті. Осылайша сайыста жеңімпаз атанды.
Формула-1 жарысы бойынша 2020 маусымында жеке чемпионатында Льюис Хэмилтон 88 ұпаймен бірінші, Вальттери Боттас 58 ұпаймен екінші, Макс Ферстаппен 52 ұпаймен үшінші орынды иелеген.