Форлан футболдан кетіп, теннисте турнирге қатысты
Уругвай ұлттық құрамасының бұрынғы футболшысы, 45 жастағы Диего Форлан Монтевидео қаласында (Уругвай) өткен «Челленджер» турнирінде кәсіби теннистегі мансабын бастады.
Турнирдің бірінші кезеңінде аргентиналық Федерико Кориямен жұп құраған Форлан Боливия теннисшілері Борис Ариас пен Федерико Себальосқа 1:6, 2:6 есебімен жеңіліп қалды.
Уругвайлық жұлдыз футболдағы мансабын 2019 жылы аяқтап, 2023 жылдан бастап ардагерлер арасындағы теннис турнирлеріне қатысып келеді.
Диего Форлан – 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен әлем чемпионатының үздік футболшысы, Америка кубогының жеңімпазы (2011), екі мәрте «Алтын бутсы» иегері. Ол Испанияның «Атлетико Мадрид», Англияның «Манчестер Юнайтед», Италияның «Интер» секілді әйгілі клубтарда ойнаған.
Айта кетсек, Диего Форлан футбол мансабына көбірек көңіл бөлу үшін 16 жасында тенниспен айналысуды тоқтатқан еді.