Forbes журналы әлемдегі ең көп жалақы алатын спортшылардың рейтингін жариялады.
Рейтинг бойынша, ең көп жалақы алатын ер спортшылар қатарында көшбасшысы өзгерді - биыл тізімде Криштиану Роналду бірінші тұр. Өткен жылы көшбастаған Лионель Месси бұл жолы екінші орында.
Португалдық сұрмерген Криштиану Роналду америкалық журнал дерегі бойынша соңғы 12 айдағы жалпы табысы 136 миллион долларға бағаланған. Роналду бұл соманың үштен бірін ғана – 46 миллион долларды футбол алаңында тапқан. Тағы 90 миллион доллар - бұл Роналдудың стадионнан тыс, оның ішінде жарнамадан түскен табысы.
Лионель Мессидің жылдық табысы өзгерген жоқ – 130 миллион доллар. Бұл құнның жартысы Adidas, Budweiser, PepsiCo және басқа брендтермен жасалған жарнамалық келісімшарттардан алынған.
Рейтинг бойынша 24 жастағы француз Килиан Мбаппе әлемдегі ең көп жалақы алатын спортшылардың үштігіне енді. Ол өткен жылы 120 миллион доллар табыс тапса, оның 100 миллионы футбол алаңынан түскен.
Сондай-ақ рейтингте үш баскетболшы бар, оның ішінде «Лос-Анджелес Лейкерс» командасының ойыншысы Леброн Джеймс (төртінші орын, 119,5 миллион доллар), «Голден Стэйт Уорриорз» сапындағы Стивен Карри (сегізінші орын, 100,4 миллион доллар) және «Феникс Санс» баскетболшысы Кевин Дюран (10, 89,1 миллион доллар) бар.
Рейтингті құрастыру кезінде Forbes 2022 жылдың 1 мамырынан 2023 жылдың 1 мамырына дейінгі аралықта спортшылардың жалақысы мен барлық жүлде ақшалары мен бонустарды есепке алынған.