FlyArystan Астана мен Ташкент арасында әуе рейсін ашты
Қазақстандық лоукостер FlyArystan әуе компаниясы Ташкент пен Астана қаласы арасында рейс ашты.
Uzbekistan Airports мәліметінше, 3 шілдеде Ташкент әуежайында алғашқы рейспен 180 жолаушы қабылданды.
«Астана-Ташкент-Астана бағыты бойынша рейстер Airbus A320 ұшағымен аптасына екі рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері орындалады. Сондай-ақ әуе компаниясы жақын арада ұшу картасын Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жаңа бағыттармен толықтыруды жоспарлап отыр», делінген хабарламада.
FlyArystan – штаб-пәтері Алматыда орналасқан қазақстандық арзан лоукостер. Компания Қазақстандағы ең ірі әуе компаниясы Эйр Астананың негізінде құрылған. Лоукостер 2019 жылдың мамыр айынан бастап жолаушылар тасымалымен айналысады.