Филиппиннің бұрынғы президенті Родриго Дутерте Манила халықаралық әуежайына қонғаннан кейін Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) ордері бойынша полиция тарапынан қамауға алынды.
AFP агенттігінің хабарлауынша, Манила Интерполы ХҚС-тан қамауға алу туралы ресми ордерді алған. Президент әкімшілігінің мәлімдемесінде:
"Қазіргі уақытта ол (Дутерте) қамауда", – делінген.
Халықаралық қылмыстық сот Дутертенің президенттік кезеңінде есірткі саудасына қарсы операциялармен байланысты ықтимал қылмыстарды тергеуде.
Ол есірткі сатушыларды жазалауға шақырып, тіпті есірткі саудасына қатысы бар үш адамды өзі өлтіргенін мәлімдеген. Оның басқару кезеңінде есірткіге қарсы соғыстың аясында, соның ішінде соттан тыс өлім жазалары нәтижесінде, мыңдаған адам көз жұмғаны болжанып отыр.
Агенттік 79 жастағы экс-президенттің адамзатқа қарсы қылмыстарға күдікті ретінде қарастырылып отырғанын хабарлады. Адам құқықтарын қорғаушылардың мәліметтері бойынша, есірткіге еш қатысы дәлелденбеген азаматтар да мыңдаған құрбандардың қатарында болуы мүмкін.
Родриго Дутерте қысқа сапардан кейін Гонконгтан Cathay Pacific ұшағымен Манилаға келген. Бұған дейін ол сот алдында жауап беруге дайын екенін мәлімдеген еді.