Филиппинде жүз мыңдаған адам наразылыққа шықты
Филиппин астанасы Манилада шамамен 550 мыңға жуық адам су тасқынынан қорғау жобалары төңірегіндегі алаяқтыққа қарсы наразылық білдірді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, наразылыққа шыққандар мемлекет тарапынан су басу қаупіне қарсы инфрақұрылымдық жобаларға бөлінген 500 миллиард песодан астам қаржыны қалтаға басқандықта айыпталып жатқан тұлғаларды жазалауды талап еткен.
Полицияның дерегінше, христиан ұйымы «Iglesia ni Cristo» ұйымдастырған шараға шамамен 550 мың адам қатысқан. Жаңа наразылық шаралары 17 және 18 қараша күндеріне де жоспарланған.
Аталған жемқорлық жанжалында, өзге тұлғалармен қатар, президент кіші Фердинанд Маркостың жақын серіктестері де аталып өтуде. Сондай-ақ ондаған құрылыс мердігерлері, мемлекеттік шенеуніктер мен заң шығарушылар, оның ішінде ел президентінің немере ағасы да фигуранттар қатарында.