Қатар астанасы Дохада ФИФА-ның The Best марапаттарын тапсыру рәсімі өтті.
Усман Дембеле (Франция ұлттық құрамасы және «ПСЖ» клубының жартылай қорғаушысы) 2025 жылдың үздік футболшысы деп танылды. Бұған дейін оған France Football басылымы «Алтын доп» жүлдесін табыстаған болатын.
Еске сала кетейік, өткен маусымда «ПСЖ» Франция чемпионатын, Кубогын, Суперкубогын, Чемпиондар лигасын және УЕФА Суперкубогын жеңіп алып, Клубтар арасындағы әлем чемпионатында екінші орынға ие болды.
Үздік бапкер номинациясында Луис Энрике («ПСЖ») жеңімпаз атанды.
Жылдың үздік қақпашысы атағы Джанлуиджи Доннаруммаға («ПСЖ» / «Манчестер Сити», Италия) берілді.

Тарихта алғаш рет Еуропа Чемпиондар лигасын жеңіп алған «ПСЖ» клубының 5 футболшысы ФИФА-ның 2025 жылғы символикалық құрамасына енді.
Жыл құрамасы: Джанлуиджи Доннарумма («ПСЖ» / «Манчестер Сити»), Ашраф Хакими, Виллиан Пачо (екеуі де «ПСЖ»), Вирджил ван Дейк («Ливерпуль»), Нуну Мендеш («ПСЖ»), Коул Палмер («Челси»), Джуд Беллингем («Реал Мадрид»), Витинья («ПСЖ»), Педри, Ламин Ямаль (екеуі де «Барселона»), Усман Дембеле («ПСЖ»).
Аргентиналық Сантьяго Монтиэль өткен маусымдағы ең әдемі голдың авторы деп танылып, оған Пушкаш сыйлығы табысталды.
The Best марапатының иегерлерін анықтау кезінде 2024 жылғы 11 тамыз бен 2025 жылғы 2 тамыз аралығындағы ойындар ескерілген. Жеңімпаздар ұлттық құрамалар капитандары мен бапкерлерінің, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдерінің дауыс беруі арқылы анықталды.