Өзбекстанның Фармацевтик өнімдердің қауіпсіздік орталығы халықаралық ынтымақтастық аясында маңызды қадам жасады – мекеме Global Medical Device Nomenclature (GMDN) ұйымының мүшелігіне қабылданды.
GMDN – медициналық құрал-жабдықтарды атау және жіктеу бойынша халықаралық жүйе, ол бүкіл әлем бойынша медициналық өнімдерді стандарттауға қызмет етеді. Бұл жүйе АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA), Еуропалық дәрі-дәрмектер агенттігі (EMA), Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бақылау агенттігі (MHRA) сияқты ірі реттеуші органдар тарапынан мойындалып, олардың тәжірибесіне енгізілген.
Өзбекстанда Президент басшылығымен жүргізіліп жатқан реформалар аясында фармацевтика және медицина саласын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге және жаһандық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде.
Орталықтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, GMDN мүшелігіне қосылу – Өзбекстанның халықаралық медициналық қауымдастықтағы сенімді серіктес ретінде мойындалуына ықпал етеді. Сондай-ақ, елдегі медициналық құрал-жабдықтардың қауіпсіздігі мен сапасын халықаралық стандарттарға сәйкес бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл шешім медициналық құрылғылар туралы бірыңғай халықаралық деректер базасына қолжетімділікті қамтамасыз етіп, жергілікті өндірушілер мен импорттаушылар үшін халықаралық талаптарға сай жұмыс істеуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл қадам Өзбекстанның фармацевтика және медицина саласының жаһандық нарыққа интеграциялануын жеделдетеді.