Өзбекстан мен Франция арасындағы аймақаралық дипломатияны дамыту аясында Еуропаның аэроғарыш астанасы Тулуза қаласында орналасқан Франция ұлттық азаматтық авиация институтының аумағында ұлы астроном, ғалым, математик және мемлекет қайраткері Мырза Ұлықбектің мүсіні ашылды.
Dunyo ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Тулузадағы Ұлықбек мүсінінің ашылу салтанатына Өзбекстанның Франциядағы Елшілігі, Самарқанд облыстық әкімшілігінің делегациясы, Тулуза қалалық мэриясы, Француз ғарыштық зерттеулер институты, Азаматтық авиация ұлттық институтының басшылығы, осы елдің ғылыми, академиялық, мәдени және іскер топтарының өкілдері қатысты.
Шарада Өзбекстан Елшісі Сардор Рустамбаев Ұлықбек мұрасын насихаттау мақсатында салынған бұл ескерткіштің Өзбекстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 31 жыл толуының символдық мәні бар екенін атап өтіп, ғалымның әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі, атап айтқанда, оның астрономия саласындағы ұлы жаңалықтары туралы сөз сөйледі.
Францияның Ұлттық азаматтық авиация институтының бас директоры Оливье Шансу Ұлықбектің мүсіні үшін Өзбекстан үкіметіне алғысын білдірді. Оның айтуынша, бұл ескерткіш арқылы көптеген француз студенттері Ұлықбектің авиация саласында аса маңызды саналатын математика, физика, астрономия сияқты ғылымдардың дамуында маңызды рөл атқарғанын білетін болады.
Мыстан жасалған ұлы ғұлама Ұлықбек мүсінінің авторы – Самарқандтық мүсінші Умурзак Шарипов. Ескерткіштің биіктігі 240 сантиметр.