Есірткі заттары Антверпен мен Гамбург порттарына Панама мен Парагвайдан келген контейнерлік кемелерден табылды.
Еуропалық Одақтың құрамындағы үш елдің құқық қорғау органдары есірткі саудагерлеріне қарсы бірлескен операция жүргізіп, 23 тоннадан астам кокаин тәркіледі. Бұл Еуропадағы жаңа рекорд, деп хабарлады 24 ақпанда Голландия полициясы.
«Бұрын-соңды бір уақытта мұнша көлемді кокаин тәркіленген емес. Ұсталған және жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстары Нидерланды, Германия және Бельгия полициясы, кеден және прокуратура органдарының тығыз және қарқынды ынтымақтастығында жүзеге асырылды», делінген хабарламада.
Есірткі заттары Панамадан (ағаш тиелген контейнерлерде) және Парагвайдан (қабырғаны толтыруға арналған құрылыс шикізаты салынған контейнерде) келген Антверпен және Гамбург порттарында қолға алынған. Нидерландыда құқық қорғау органдары 7,2 тонна кокаин тапса, Германияда 16 тоннадан астамы тәркіленді.
Германияның құқық қорғау органдарының алдын-ала бағалаулары бойынша, ұсталған екі кокаин партиясының құны шамамен 600 миллион еуроны (730 миллион доллар) құрайды.