Әлемге танымал әрі беделді Euronews телеарнасы Ташкент қаласында өзінің өкілдігін ашқаннан кейін, алғашқы шығармашылық сапарларын Сұрхандария облысынан бастады.
Францияда 32 жыл бұрын құрылған бұл 24 сағаттық жаңалықтар арнасы бүгінде 150-ден астам елге хабар таратып, он үш тілде ақпарат ұсынатын ауқымды халықаралық медиа алаңға айналған.
Euronews арнасының журналистері үш күн бойы Сұрхандарияны аралап, өңірдің туристік, тарихи және мәдени әлеуеті жайында көрерменге қызықты деректерді ұсынатын арнайы бағдарлама дайындады.
[gallery-24478]
Шығармашылық топ ежелгі археологиялық ескерткіштермен, ұлттық қолөнермен, жергілікті халықтың салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігімен етене танысты.
Облыстың әрбір тасы мен табиғаты, киелі мекендері мен қонақжай халқы шетелдік журналистердің назарынан тыс қалмады. Камера объективіне ерекше сәттер іліккен бұл сапар, Сұрхандарияны халықаралық деңгейде кеңінен таныстырудың жарқын мүмкіндігіне айналмақ.
Сапар соңында Euronews арнасының өкілдері Өзбекстанның оңтүстігіндегі бұл шежірелі өлке өздерінде терең әсер қалдырғанын, көрген-түйгендері «жай ғана түсірілім емес, рухани саяхат болды» деп түйіндеді.
суреттерді түсірген Х.Маматрайимов, ӨзА