Өзбекстанда алғаш рет табиғи газды тазалауда маңызды рөл атқаратын адсорбер қондырғылары жергілікті деңгейде өндірілуде.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елде алғаш рет табиғи газды тазалауда маңызды рөл атқаратын адсорбер қондырғыларының өндірісі жолға қойылды.
Жоба «Узбекхиммаш» зауытында жүзеге асырылып, алғашқы өнім Шуртан мұнай-газ өндіру басқармасына жеткізілді.
Бұл бастама жергіліктендіру бағдарламасы аясында іске асырылған және ішкі сұранысты қанағаттандырумен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.

Адсорбер – табиғи газ құрамындағы күкірт қосылыстарын тазалауға арналған ірі колонна. Оның диаметрі - 3 метр, қабырғасының қалыңдығы - 100 мм, ұзындығы - 19 метр, ал қысымға төзімділігі - 63 атмосфера. Салмағы 147 тонна болатын құрылғы жоғары сапалы болаттан жасалған.
Тазалау процесі үш кезеңнен тұрады: газды тазалау, өңдеуші реагенттерді қалпына келтіру және құрылғыны келесі циклға дайындау. Жергілікті өндірілген адсорберлердің тиімділігі мен қызмет ету мерзімі жоғары. Алдағы уақытта Шуртан мұнай-газ басқармасына тағы 8 қондырғы жеткізу жоспарланған.
Бұған дейін адсорберлер шетелден әкелінетін. Енді олардың Өзбекстанда өндірісі өнімнің өзіндік құнын екі есе төмендетті. Сонымен бірге, «Узбекхиммаш» зауытында 1200-ден астам маман тұрақты жұмыспен қамтылды.
Зауыттың жылдық қуаттылығы – шамамен 20 адсорбер. Бұл елдің ішкі қажеттілігін толық өтеп, экспортты кеңейту арқылы технологиялық тәуелсіздік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді.