Эммануэль Адебайор Ташкенттің «Пахтакор» клубына неге өтпеді?
«Пахтакор» клубының бас бапкері Шота Арвеладзе осы жағдайды ашып айтты
2019 жыл соңына қарай тоголық атақты футболшы Еуропаның ТОП-5 чемпионатында доп тепкен Эммануэль Адебайор Ташкенттің «Пахтакор» клубына келеді деген хабар тарап, ол көптеген спорт басылымдарында жарияланып футбол сүйер қауымды елең еткізген еді.
Алайда, арадан біраз уақыт өтіп футболшының келмейтіні мәлім болды. Бірақ не үшін Ташкентке келуден бас тартқаны ашып айтылмай, тіпті келіссөздер жөнінде де толыққанды ақпараттар жарияланбаған. Осы жөнінде «Пахтакор» клубының бас бапкері грузиялық Шота Арвеладзе ресейлік «sports.ru» сайтына берген сұхбатында Адебайор мен арадағы келіссөздер немен аяқталғанына тоқталып: «Мен онымен Лондонда кездестім. Біз Ташкентке барып ондағы жағдайды көзбен көруге де келіскен едік. Ол алғашында келуді қалады, жылдық жалақысына 1,5 млн еуро сұрады. Бірақ біз бұл соммаған келісе алмадық. Меніңше Адебайордың келмеуіне ақша түрткі болмады. Себебі ол маған ұшақпен жиі ұшу ұнамайтынын, одан кейде қорқатынын да жасырмаған», дейді Шота Арвеладзе.
Арвеладзенің айтуынша Адебайормен келісе алмаған соң оның орнына Швейцариялық 31 жасты Эрен Дердийокты жылына Адебайордың сұраған бағасының жартысына «Пахтакор» клубына келуге келісім жасалған.
Эрен Дердийок Швейцарияның «Олд Бойз», «Базель» клубтарынан бөлек Германия бундеслигасында «Байер 04», «Хоффенхайм» және Түркияның суперлига клубтары «Касымпаша», «Галатасарай», «Гёзтепе» сапында доп тепкен.