Эквадорда телеарнаға жасалған шабуылдан кейін бандаларға қарсы соғыс жарияланды
Эквадор президенті телеарнаға жасалған шабуыл жайлы елдегі ішкі қарулы қақтығыс туралы хабарлады.
Deutsche Welle мәліметінше, жергілікті наркобарон түрмеден қашып кеткеннен кейін жағдай ушыға түскен.
Эквадордың Гуаякил порт қаласында қарулы адамдар сейсенбі, 9 қаңтарда тікелей эфир кезінде мемлекеттік TC Televisión телеарнасына басып кіріп, бірнеше журналист пен қызметкерлерді кепілге алған. Тікелей эфир үзілмеген, бірақ түсірілім алаңындағы шамдар сөніп, айғай, мылтық даусы мен қызметкерлердің соққыға жығылғаны естілген.
TC News үйлестірушісі және корреспондент Леонардо Флорес Мореноның айтуынша, шабуылдаушылар вестибюльге кіріп, теледидар қызметкерлеріне шабуыл жасап «динамит орнатқан». Екі адам зардап шегіп, содан кейін хабар тоқтатылған.
Кейін полиция «тәртіп орнатылғанын» және шабуыл жасағандардың 13-і ұсталғанын хабарлады.