Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Өңірлік антитеррорлық құрылымының (ӨАТҚ) X халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы 5 қыркүйек күні Ташкенттегі «Өзбекстан» Халықаралық форумдар сарайында өз жұмысын жалғастырды. Конференцияға ШЫҰ мен ТМД-ға мүше мемлекеттердің құзырлы органдарының, халықаралық ұйымдардың өкілетті құрылымдарының делегация басшылары қатысты.
«Терроризмге қарсы күрестегі ортақ күш-жігер» тақырыбындағы төртінші сессия аясында халықаралық ұйымдардың (БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің аналитикалық қолдау және санкцияларды бақылау тобы), Ресей, Беларусь, Қазақстанның қауіпсіздік және арнайы қызмет органдарының, сондай-ақ Қытай мен Италияның ғылыми-білім беру мекемелерінің өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.
Қатысушылар терроризмді қаржыландыруды, оның ішінде қаржы ағындарын бақылаудың тиімділігін арттыру, күдікті ақша аударымдарын анықтау, ТМД Антитеррор орталығы мен ШЫҰ ӨАТҚ платформаларында террористік ұйымдар мен оларды қаржыландыруға қатысы бар тұлғалардың дерекқорын дамытуға бағытталған бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша пірік алмасылды.
Сондай-ақ лаңкестік ұйымдардың өз қылмыстық қызметін қаржыландыру үшін қолданатын заманауи әдістері талқыланды.
Іс-шара қатысушылары терроризм мен экстремизмге байланысты қаржы ағындарын тиімді анықтап, олардың жолын кесу мақсатында ШЫҰ мен ТМД-ға мүше мемлекеттердің құзырлы органдары мен халықаралық ұйымдар арасында ақпарат алмасуды жалғастыру қажеттілігі туралы ортақ пікір білдірді.
«Экстремизм идеологиясы – мемлекеттердің егемендігі, қауіпсіздігі және аумақтық тұтастығына төнетін қауіп» тақырыбындағы бесінші сессияда халықаралық ұйымдардың (ШЫҰ Халық дипломатиясы орталығы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің аналитикалық қолдау және санкцияларды бақылау тобы), Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Қазақстан және Қытай министрліктері мен ғылыми-білім беру мекемелерінің (Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі академиясы, Беларусь стратегиялық зерттеулер институты, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мәскеу мемлекеттік лингвистика университетінің Иберо-Америка бағдарламалары орталығы, Еуразия зерттеулер орталығы және РФ Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты) өкілдері сөз сөйледі.
Қатысушылар ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып экстремизм идеологиясының, оның ішінде әлеуметтік желілер мен түрлі веб-ресурстарда экстремистік контентті анықтау және талдау, сондай-ақ виртуалды әлемде радикалдануға қарсы күресте жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін талқылады.
Қазіргі заманғы қауіп-қатерлердің ауқымы мен сипатына сүйене отырып, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте бірлескен күш-жігерді күшейту қажеттілігі атап өтілді. Сонымен қатар, конференция халықаралық терроризмге қарсы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және ТМД мен ШЫҰ елдері арасындағы өзара сенімді нығайтуда маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Экстремизм мен радикализмнің таралуына қарсы шаралар ретінде сарапшылар ақпарат алмасу және цифрлық кеңістікте экстремизмге қарсы күресті үйлестіру бойынша халықаралық стандарттар мен декларацияларды әзірлеп, енгізуді ұсынды.
Сессия қорытындысында қатысушылар ашықтық пен өзара сенім қағидаттарына сүйене отырып, халықаралық құқық нормаларына негізделген терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екендерін білдірді.
ӨзА