Дзюдодан Әлем чемпионаты: Өзбекстан құрамасы үздік үштікке енді
Ташкенттегі «Хумо Арена» мұз сарайында өтіп жатқан дзюдодан 35-ші әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасы екі алтын медельмен үздік үштікке енді.
100 келіге дейінгі салмақта боз кілемде бақ сынаған Музаффарбек Турабаев Өзбекстан қоржынына екінші алтын медаль салды. Ол финалда канадалық Кайл Рейесті жеңіп әлем чемпионы атанды.
Бұған дейін әлемдік рейтингте 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде көш бастап тұрған Давлат Бобонов алғашқы алтын медалды алған болатын.
Осылайша Өзбекстан құрамасы 2 алтын медальмен 82 ел арасында 3 орынға табан тіреді.
Бүгінгі жарыс кестесінде боз кілемге +100 келі ерлер және +78 келі салмақтағы әйелдер шығады. Сонымен жекелей сайыстар аяқталады. Ертең командалық жарыс өтеді.