Джиу-джитсудан 8 дүркін әлем чемпионы Леандро Ло Сан-Паулудағы (Бразилия) клубтардың бірінде оққа ұшты.
Marca басылымының дерегінше, оқиға Сан-Паулудағы түнгі клубта концерт кезінде болған.
Спортшы клубқа келген қонақтардың бірі - полиция қызметкері Энрике Отавио Оливейра Велозомен жанжалдасып қалған. Полицей Лониң үстеліндегі бөтелкеге қол созғанда, спортшы оны аяғынан шалып құлатады. Чемпионның достары оларды ажыратқан.
Осыдан кейін Велозо тапаншасын алып, спортшының басынан атқан. Ло ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, алған жарақаттарынан қайтыс болды. Полиция тергеуді және Велосоны іздеуді бастаған.
Халықаралық Бразилия джиу-джитсу федерациясы Лоның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.
Джиу-джитсудан 8 дүркін әлем чемпионы Леандро Ло 33 жаста еді. Ол сонымен қатар 8 дүркін Панамерикандық ойындар мен 5 дүркін әлем кубогының жеңімпазы атанған.