Өзбекстанның «Дәуіт ата» шекара өткізу пункті үш ай мерзімге уақытша жабылады.
Кеден комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының «Тажен» (Өзбекстан Республикасының «Дәуіт ата») шекара өткізу пункті арқылы жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар және толық рұқсат етілген салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жүк көліктерінің қозғалысы үш ай мерзімге уақытша жабылады.
Бұл шектеулер шекара өткізу пункттерінде жөндеу және жабдықтау жұмыстары жүргізілуіне байланысты, Қазақстан Республикасы тарапынан жеке тұлғалар мен көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілуде.
Осы кезеңде «Тажен» (Қазақстан) – «Дәуіт ата» (Өзбекстан) шекара өткізу пункті арқылы қозғалыс жасайтын азаматтар, жеңіл автокөліктер, автобустар және рұқсат етілген толық салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жүк көліктері «Яллама», «Зангиата (Нұралы шекара кеден посты)», «Ақ алтын» және «Малик» өткізу пункттері арқылы өтуіне болады.
Сонымен қатар, азаматтар үшін «Қарақалпақстан» теміржол өткізу пункті арқылы жолаушылар пойыздарының қозғалысы жалғасатыны хабарланған.
Рұқсат етілген толық салмағы 3,5 тоннадан жоғары жүк көліктерінің «Тажен» (Қазақстан) – «Дәуіт ата» (Өзбекстан) шекара өткізу пункті арқылы қозғалысы үздіксіз жалғаса береді.