30 мамырда Тәжікстанның Душанбе қаласында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Өзбекстан-Тәжікстан үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрі Кохир Расулзоданың төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшыларының сарабдал да көреген саясатының арқасында екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық мүлде жаңа деңгейге көтерілгені, Жоғары деңгейдегі өзара сапарлар көп қырлы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын аша түскені атап өтілді.
Кездесуде Тәжікстан Республикасы Президентінің Өзбекстан Республикасына алдағы ресми сапарының елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуда тарихи маңызы зор болатыны айтылды.
Жиында осы сапардың күн тәртібін нақты практикалық мазмұнмен толтыру, жоспарланған барлық іс-шараларды жоғары деңгейде жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Үкіметаралық комиссияның отырысында, сауда-экономикалық, көлік-коммуникация, энергетика, мәдени-гуманитарлық, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы, сондай-ақ өңіраралық ынтымақтастық салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды.
Тәжікстан Өзбекстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Соңғы 5 жылда екі ел арасындағы тауар айналымы 2,5 есеге өсті. Өткен жылы ол 35 пайызға өсіп, 180 миллион доллардан асты.
Мемлекет басшылары тарапынан Үкіметтерге екіжақты тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін арттыру міндеті қойылған. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер, пайдаланылмаған орасан зор резервтер бар.
[gallery-7348]
Кездесу соңында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Өзбекстан-Тәжікстан үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысының мәлімдемесіне қол қойылды.
суреттерді түсірген Аъло АБДУЛЛАЕВ