Шығыстың әлемге әйгілі ғұламалары мен ойшылдары Хафиз, Фирдауси, Рудаки, Низами, Омар Хайям, Сағди, Жалаладдин Руми, Насир Хусрау, Жәмилердің арасында Әлішер Науаи мен Захириддин Мұхаммед Бабырдың алар орны ерекше.
Биыл Түркі әлеміне ортақ тұлға, өзбек әдебиетінің негізін қалаушы Әлішер Науаидың туғанына 580 жыл, ал Заһираддин Мұхаммед Бабырдың туғанына 538 жыл толып отыр. Олардың шығармалары мен өнегелі әрі ғибратқа толы өмірі мен еңбек жолы ғасырлар бойы адамзатқа рухани азық болуда. Ұлы ақындардың шығармалары және өмір жолынан таныспыз. Бүгінде олардың туындыларын оқымаған жан жоқ шығар. Сол үшін біз олар туралы деректерді жазуды емес, бүгінгі таңда ақындардың туындыларын жастар арасында насихаттау, осы дүниелер арқылы олардың бойына адамилық құндылықтар мен қасиеттерді сіңіру мақсатында елімізде атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталуды жөн санадық.
Жуырда Ташкент облыстық Шыршық мемлекеттік педагогикалық институтында «Шығыстың сөнбес жұлдыздары — Науаи мен Бабырдың түркі тілдес халықтар әдебиетіндегі орны» тақырыбында әдеби іс-шара өтіп, оған елдегі әдебиетсүйер қауым өкілдері қатысып жастарға шайырлардың сан жылдар өтсе де рухани құны сөнбес жырларының мазмұны жайлы жеткізді.
Әлішер Науаи мен Бабырдың туған күні қарсаңында өткен шарада жоғары оқу орнының студенттері ақындардың рубайлары мен өлеңдерін оқып, «Сұлтан және оның қырық уәзірі» атты астарлы әңгіме негізінде сахналаған көріністері арқылы Науаидың асыл қасиеттерін, философиялық көзқарасын, кішіпейілділігін және үлгі аларлықтай ұстанымдарын шеберлікпен көрерменге ұсынды.
Айтулы шара барысында музыка бағытында білім алатын екінші курс студенті Жанғали Адилов «Көзімнің қарасы» әнін айтып, Науаи мен Абайдың шығармашылығын бір арнада тоғыстырған болса, Шыршық қаласындағы №17 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары «Туған жер» әнін, Бостандық ауданы «Айдаралы» ауылындағы №31 мектептің «Балауса» әуесқой домбырашы балалар ансамблі «Саржайлау» әнін шырқап көрерменнің ықыласына бөленді.
Шығыстың ұлы ғұламалары Науаи және Бабыр өлеңдерінің сарыны бөлек екенін оқып рухани тұрғыдан кемелденсең, тағы бір қырынан лирикалық бағытта туған жер мен табиғатты сүюге баулиды.
Шарада Науаидың өлеңдеріне Абай тәнті болғаны, оның шығармашылығын қазақ жазушылары Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов, Рахманқұл Бердібаевтардың зерттегені туралы, сондай-ақ белгілі ақын Несіпбек Айтовтың рубайларды қазақ тіліне тәржімәлағаны да сөз болып, олардың бұл еңбектерін қатысушылар әдеби достыққа балады.
Айгүл ЕРКІНҚЫЗЫ