Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры Тедрос Гебрейсус ұйым бұдан былай коронавирустың таралуын төтенше жағдай деп санамайтынын мәлімдеді.
Бұл туралы ол 5 мамырда Женевада өткен конференцияда айтып, ковид енді әлем халқының денсаулығына жаһандық қауіп төндірмейтінін жеткізді.
«Бір жылдан астам уақыттан бері індет төмендеп, халықтың вакцинация мен инфекцияларға иммунитеті артып, өлім-жітім азайып, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақ жеңілдеуде», - деді ол.
ДДСҰ коронавирус салдарынан жеті миллионға жуық өлімді тіркеді. Бірақ ұйым басшысының айтуынша, құрбандар саны 20 миллионға жуық болуы мүмкін.
Коронавирус кезеңінде ауруға шалдыққандар саны – 765,2 миллионға жеткен.
Айта кетейік, ДДСҰ коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты алғаш 2020 жылдың 30 қаңтарында төтенше жағдай, ал сол жылдың 11 наурызында пандемия жариялаған болатын. Осылайша, пандемия 3 жыл 1 ай 24 күнге созылды.