Дүниежүзілік банк Өзбекстанға коронавируспен күресу үшін 95 миллион доллар қаржылық көмек көрсетеді
Қаржының бір бөлігі коронавируспен ауырған науқастарды емдеуге бөлінсе, қалғаны жағдайы төмен отбасыларды қолдауға сарыпталмақ
Дүниежүзілік банк коронавирустық пандемияның Өзбекстан халқының денсаулығы мен әл-ауқатына кері әсерін азайту мен шұғыл шараларды қолдау үшін 95 миллион АҚШ долларын құрайтын қаржыландыру бағдарламасын мақұлдады.
Қаржы министрлігі хабарында айтылуынша жобаға бөлінген қаражат ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға және пандемиядан туындаған экономикалық дағдарыс кезінде жапа шеккен жағдайы төмендер және әлсіз топтарды қолдауға жұмсалмақ. Атап айтқанда Дүниежүзілік банктің қолдауымен бөлінген қаржының 38 миллион доллары коронавирустық инфекцияның алдын алу және оны бақылау үшін ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге, жеке қорғаныс құралдарын, дәрі-дәрмектер мен адам өміріне маңызды медициналық жабдықтарды, соның ішінде өкпені жасанды желдету құрылғыларын алуға, коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін ауруханаларды жабдықтауға жұмсалады.
Ал қалған 57 миллион доллары жоба бойынша жағдайы төмен отбасыларды қолдауға және жұмыссыз азаматтарға бір реттік көмек төлемдерін жасау үшін мемлекеттік бағдарламаларды кеңейтуге сарыпталмақ..