Дүниежүзілік банк Өзбекстанға COVID-19 қарсы күрес үшін 95 млн доллар бөледі
Бұл қаражат ұлттық денсаулық сақтау жүйесін күшейтуге COVID-19-ға қарсы шұғыл шаралар қабылдауға жұмылдырылады
Банк тарапынан бөлінген қарыз «Өзбекстандағы COVID-19 індетіне қарсы шұғыл шаралар» жобасын жүзеге асыру үшін 30 жыл мерзімге, 5 жылдық жеңілдік кезеңімен берілетін болған.
«Norma» ақпарат порталының жазуынша бұл қаражат ұлттық денсаулық сақтау жүйесін күшейтуге COVID-19-ға қарсы шұғыл шаралар қабылдау, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін медициналық мақсаттағы бұйымдар мен техниканы сатып алу, карантин кезінде көмекке мұқтаж отбасылар мен жұмыссыздарға уақытша жеңілдіктер жүйесін кеңейтуге бағытталады.
Халықаралық Даму Ассоциациясының (ХДА) атаулы қарыздардың тиімді пайдаланылуына мониторингті Министрлер Кабинетінің Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жастар, руханият және қоғамдық ұйымдар, қоғамдастық пен отбасын қолдау жөніндегі хатшылығы жүзеге асырады. Денсаулық сақтау министрлігі мен Қаржы министрлігі ХДА несиесін мақсатты пайдалану және жобаны тиімді жүзеге асыру үшін жауапты болады.
Халықаралық Даму Ассоциациясының қарызы бойынша несиені өтеумен байланысты қаражаттар, сондай-ақ комиссиялық шығындар мен басқа төлемдер республикалық бюджеттен төленеді.