Денсаулық сақтау министрлігі Өзбекстанда аурулар саны тағы да көбейгенін, соңғы тәулікте 1210-нан астам адамда коронавирус анықталғанын хабарлады.
«2022 жылдың 18 қаңтар күнгі жағдай бойынша Өзбекстанда тіркелген коронавирустық инфекциялар саны – 208 271 (+1214) жетті», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Бұл Өзбекстанда пандемия басталғалы тіркелген кезекті рекорд, бұдан алдыңғы ең көп жағдай 16 қаңтарда тіркелген еді. Сол кезде алғаш рет күнделікті ауру саны мыңнан (+1037) асты.
Жаңадан ауру жұқтырғандардың басым бөлігі Ташкент қаласында тіркелген – 542 адам.
Соңғы 7 күндік жағдайға назар аударсақ, расында республикадағы аурулар саны жылдам өсіп жатқаны байқалады:
- 12 қаңтар – 714;
- 13 қаңтар – 824;
- 14 қаңтар – 876;
- 15 қаңтар – 912;
- 16 қаңтар – 1037;
- 17 қаңтар – 935;
- 18 қаңтар – 1214.
ДСМ-нің соңғы дерегінше кеше тәулік бойы республикада 640 азамат сауығып, 3 коронавирусқа шалдыққан науқас қайтыс болды.
Қазіргі кезде елдегі сауыққандардың жалпы саны 200 512-ге жетіп, құрбандар саны 1525 құрауда.