COVID-19: Қазақстанда бүгін Жалпыұлттық аза тұту күні
Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 12:00-де бүкіл ел бойынша бір минуттық үнсіздік жарияланады
Қазақстанда коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды еске алуға байланысты бүгін - Жалпыұлттық аза тұту күні. Онда Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 12:00-де бүкіл ел бойынша бір минуттық үнсіздік жарияланады.
8 шілде күні Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы елдегі қалыптасқан ахуалға байланысты халыққа телевизиялық үндеу жасап 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялады және тиісті үкімге келесі күні қол қойды.
«Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ, біздің күресіміз жалғаса береді», -деген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
12 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясын 58 253 адам жұқтырған. 33814 адам жазылып шығып, 375 адам көз жұмған.