АҚШ-тың Цинциннати қаласында екі аптаға жуық жалғасқан беделді ATP Masters 1000 санатына кіретін теннис турнирі өз мәресіне жетті. Жарыста Испанияның атынан қатысқан, әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Карлос Алькарас чемпион атанды.
Финалдық кездесуде ол дүниежүзілік рейтинг көшбасшысы, италиялық Янник Синнермен кортқа шықты. Алайда матч күтпеген жағдайда тоқтатылды. Бірінші сеттің бесінші геймінде Синнер өзін жайсыз сезініп, ойынды жалғастыра алмады. Осы сәтке дейін Алькарас 5:0 есебімен алда келе жатқан болатын.
Теннисшілер кортта бар болғаны 23 минут өнер көрсетті. Екі қарсыластың өзара кездесулеріндегі есепке қарасақ, Алькарас үлкен басымдықпен алда - 10:5. Бұл Карлос Алькарас үшін ATP турнирлеріндегі 22-ші жүлде саналады, оның 8-і «Мастерс» деңгейіндегі жарыстардағы жеңіс.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 9 193 540 АҚШ долларын құрады. Чемпион Алькарас 1 124 380 доллар, ал финалда жеңілген Синнер 597 890 доллар иеленді.
Карлос соңғы 7 кездесудің 6-сында Синнерді ұтты. Сонымен қатар, ол италиялық теннисшінің хард корттардағы 26 матчтан тұратын жеңісті сериясын да тоқтатты.
Айта кетейік, Янник Синнер соңғы рет өткен жылдың қазанында Бейжің турнирінің финалында дәл осы Алькарастан жеңілген еді.