Чили парламенті қылмыс толқынына байланысты елдің оңтүстігінде төтенше жағдай режимін ұзартуды мақұлдады.
Чили сенаты (парламенттің жоғарғы палатасы) сәрсенбіде қылмыс толқынына байланысты елдің оңтүстігіндегі бірнеше өңірде төтенше жағдай режимін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұған дейін бұл шараны депутаттар палатасы (төменгі палата) да қолдаған болатын.
«Сенат Республика Президентінің Био Био, Арауко, Маллеко және Котин провинцияларында төтенше жағдай режимін 15 күнге ұзарту туралы үндеуін мақұлдады», - деп хабарлады парламенттің жоғарғы палатасы Twitter-дегі парақшасында.
Төменгі палатада төтенше жағдайды ұзартуды 70 депутат қолдаса, 48-і қарсы болған. Сенатта 16-сы қолдап, 10-ы қарсы дауыс берді.
Чили президенті Себастьян Пиньера 13 қазанда Био-Био және Араукания аймақтарының бірнеше провинциясында төтенше жағдай жариялады. Содан кейін тәртіпті сақтауға әскерилерді тартуға мүмкіндік беретін шара бірнеше рет ұзартылды.
Био-Био және Араукания аймақтарында бірнеше жылдан бері шіркеулер, бизнес нысандары, жүк көліктері және басқа да нысандар өртеніп жатыр. Соңғы айларда адамдарға шабуылдар да көбейді. Өткен аптада кем дегенде төрт адам белгісіз біреулердің қолынан қаза тапты.