Чехияда пойыз соқтығысып, төрт адам қаза тапты
Чехияның Пардубице қаласының маңында жолаушылар (RegioJet) пойызы мен жүк пойызының соқтығысуы салдарынан бір вагон рельстен шығып кетті.
Апат салдарынан, кем дегенде төрт адам қаза тапты. Облыс губернаторы Мартин Нетолицкий Facebook желісінде апат туралы: «Қазіргі ақпаратқа сәйкес, соқтығыс салдарынан 4 адам қаза тапты, қалғандарының жағдайы ауыр, ондаған адам жеңіл жарақат алды», - деп жазған.
Чехия БАҚ дерегінше, Чехияның астанасы Прагадан Словакияның Кошице қаласына бет алған Regiojet жеке теміржол компаниясының түнгі экспрессінде 200-300 адам болған. Апат салдарынан ауданда көлік қозғалысы тоқтап қалды. Оқиғаның себептері анықталуда.