Орталық Азия волейбол қауымдастығы (CAVA) өткізген онлайн отырыста Өзбекстан ерлер арасындағы CAVA Ұлттар лигасы турнирінің ресми ұйымдастырушысы ретінде бекітілді.
Айта кетейік, бұл турнир бастапқыда Пәкістанда өтуі тиіс болатын. Алайда Үндістан мен Түрікменстан құрамаларының жарысқа қатыспайтынын мәлімдеген соң, CAVA қауымдастығы кезектен тыс онлайн жиын өткізуді ұйғарды. Қауымдастық президенті Мұхаммед Латхееф соңғы жылдары аймақта волейбол спорты кеңінен қанат жайып келе жатқанын атап өтіп, қауымдастыққа мүше 14 мемлекеттің ішінде Өзбекстанда бұл спорт түрін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын ерекше атап өтті.

Жиында турнирдің өту мерзімі, ұйымдастырушы елдің мүмкіндіктері мен дайындық деңгейі сынды мәселелер бойынша түрлі ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Қатысушылардың дауыс беруі нәтижесінде, ерлер арасындағы CAVA Ұлттар лигасы турнирі биыл қыркүйек айында Өзбекстанда өтетін болды.
