Спорттық арбитраж соты (CAS) ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиеваның ісі бойынша Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК), Халықаралық конькишілер одағы (ISU) және Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) апелляциялық шағымдарын қанағаттандырмады және Олимпиадада әйелдер арасындағы жекелей турнирге ресейлік мәнерлеп сырғанаушының қатысуына рұқсат берді.
CAS бас директоры Мэттью Риб «Барлық процедуралардан кейін CAS ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиеваға жаза қолданбау туралы шешім қабылдады» деп мәлімдеген.
Ол бұл шешімге қатысты пікірінде, «Біз спортшылар мен көрермендер арасындағы әділдік пен мүдделердің теңгерімділігі қағидаттарынан сай қарастырды. Бұдан бөлек, Бейжің Олимпиадасы кезінде Валиеваның тесті оң нәтиже бермеді, бірақ 2021 жылдың желтоқсанында оң нәтиже бергені үшін әлі де тәртіптік жауапкершілікке тартылады. CAS спортшының Олимпиадаға қатысуына жол бермеу шешімі оған бұл жағдайда орны толмас зиян келтіреді деп шешті. Біз 2021 жылы өткізілген тестілеу нәтижелерінің кеш хабарлануы туралы күрделі мәселелер туындағанын мәлімдедік. Спортшының кінәсі жоқ», деген.
11 ақпанда Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиеваның допинг сынамасы оң нәтиже бергені туралы ақпаратты растады. ITA мәлімдемесіне сәйкес, конькиші 2021 жылдың 25 желтоқсанында мәнерлеп сырғанаудан Ресей чемпионаты кезінде тапсырған үлгіде тыйым салынған триметазидин препараты табылған.